СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жаңа басшы тағайындалды

Фото: Фото: СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментін енді Бақдәулет Махмуд басқарады.

Бақдәулет Махмуд 1980 жылы Қызылорда облысында туған, екі жоғары білімі бар, 2001 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2004 жылы Орталық Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы қаржы полициясы органдарында бастады. Әр түрлі лауазымдарда, соның ішінде басшылық қызметтерде болды.

2014-2015 жылдар аралығында Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер органдарында жұмыс істеді.

2016 жылдан бастап Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде жұмыс істейді.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, құқық қорғау органдарының ведомстволық наградаларымен марапатталған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін СҚО-дағы ведомствоны Асхат Джакипбеков басқарды.