СҚО: су басқан Қызылжар ауданы тұрғындарына 540 млн теңге біржолғы төлем жасалды

Фото: Фото: gov.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының 18 елді мекенінде 1546 үйді су басты. Қазіргі уақытта бұл баспаналардың бәрінен су кеткен, зардап шеккендердің дүние-мүлкін бағалау, шығынды есептеу жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова тасқын судан кейін атқарылған жұмысты айтып берді.

Сәуірдің 12-сінен бастап зардап шеккен 1459 адамға 100 АЕК көлемінде жалпы сомасы 538 млн 662 мың теңге біржолғы төлем жасалды.

«Ауданда зардап шеккендердің мүлкіне келтірілген залалды бағалау және үйлерді техникалық тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмысты тәуелсіз аккредиттелген ұйымдар атқаруда. Бастапқыда техникалық тексеруді «Стадия» ЖШС мамандары жүргізді. Кейін көмекке өңірде мамандардың болмауына байланысты елордалық сарапшылар қосымша тартылды.

Бүгінгі күні 929 үй зерттелді, 139 адамға мүлік шығынының қорытындысы берілді. 593 үй техникалық тексеруден өтіп, 96 баспана бойынша тексеру нәтижесі берілді. Мамандар құрылған кесте бойынша жұмыс істеп жатыр, қазір сарапшылар Бескөл, Тепличное және Прибрежное ауылдарында жүр», - дейді Жанель Батанова.

Боголюбово елді мекенінде 9 отбасының баспанасы апатты деп танылып, орнына басқа үй алынатын болды.

«Қазіргі уақытта тасқынның салдарын жою мақсатында Аққайың ауданының 5 механикаландырылған бригадасы - 45 маман жұмыс істеп, көмектесіп жатыр. Олар аумақты қоқыстан тазартады, үйлерді жөндеуге дайындайды.

Сондай-ақ түрлі бактериялардың, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында аудан аумағында дезинфекциялау жүргізілуде», - дейді аудандық әкімдік өкілі.

Бұған дейін СҚО-да жарты млрд теңгенің астығын өртеп жіберген екі адамның сотталғанын айтқан едік.