СҚО тас жолында жүкті әйел мінген жедел жәрдем көлігі аударылды

ПЕТРОПАВЛОВСК. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйелді әкетіп бара жатқан жедел жәрдем жол апатына ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы Қызылжар ауданы Петерфельд ауылының маңында бүгін таңертең орын алды. Жедел жәрдем автокөлігі облыс орталығына қарай ілеспе бағытта келе жатқан Audi автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жедел жәрдем жолаушысы зардап шегіп, жеңіл автокөліктің екі жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ жедел жәрдемнің 28 жастағы жүкті жолаушысы медицина мекемесіне шұғыл жеткізілді. Жүкті әйел бүгін таңертең перинаталдық орталыққа емдеуге жатқызылмақ болған.

Оқиға орнына Қызылжар аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шықты. Сотқа дейінгі тергеу аясында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтауы керек. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.