СҚО тұрғындары 5,5 мыңға жуық мысық пен итті тіркеуден өткізді

Солтүстік Қазақстан облысында 5 455 үй жануарлары есепке алынды. Бұл туралы Kazinform агенттігі СҚО әкімдігінің Ветеринария басқармасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay

Аймақ тұрғындары үй жануарларына, әсіресе ит пен мысықтарына чип орнатуға асықпайды. Оның бірнеше себептері де бар. Атап айтар болсақ, бірі үй жануарларының терісінің астына чип салудан қорқады, ендібірі мұны тұрғындар өз қаржысын жұмсап жасатпауы керек деп есептейді. Ал кейбірі жануарды есепке алу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл төлеуден қорықпайды. 

Осы ретте айта кетейік, чиптеу құны — бір үй жануарлары үшін 2,5 мың теңгеден басталады. 

Tanba үй жануарларын есепке алу ақпараттық сервисі арқылы солтүстікқазақстандықтар 5,5 мыңға жуық мысық пен итті тіркеуден өткізді.

СҚО әкімдігі Ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын өңір тұрғындары үй жануарларын тегін тіркей алады. Басқарма аудандардың ветеринариялық станцияларымен үй жануарларын сәйкестендіру бойынша қызметтер көрсету туралы шарт жасасты, соған сай 12 759 чип сатып алынды.