Петропавл тұрғыны Алексей (есімін толық атамауымызды сұрады) — Zeekr 001 маркалы электромобильдің иегері.
СҚО үшін әзірге таңсық көлікті былтыр Қытайдан тапсырыспен алдырған. Электромобилі теріскейдің сақылдаған сары аязына төтеп берді, яғни көлік көңілінен шықты.
«Қытайдан тапсырыспен әкелгендіктен брокерлерге және шетелден әкелінген пайдаланылған көлік құралының қауіпсіздігінің дәлелдейтін сертификат үшін ғана төледім. Басқа ешқандай алым болған жоқ. Жалпы ұтымды тұстары көп. Бензинмен жүретін көліктермен салыстырсақ, бұрын жанармайға кететін шығыным 70% азайды. Қазіргі уақытта 1 кВт 60 теңге тұрады. Мен көлігімді қуаттау үшін аптасына 2800 теңге ғана жұмсаймын. Бұрынғыдай түрлі майларын, антифриз ауыстырудың қажеті жоқ», — дейді Алексей.
Ол, сондай-ақ Петропавлдағы электр көліктерін қуаттайтын жалғыз орталықтың иесі. Айтуынша, оның 5-6 тұрақты клиенті бар. Өңірге электромобильмен келгендер, көбінесе астаналықтар және ресейліктер де жиі келіп, орталықтың қызметіне жүгінеді екен.
«Электр көлігімен бірге стандартты қуаттаушы құралы бірге келеді. Егер көлік иесі жеке үйде тұрса, еш қиындықсыз өз үйінде-ақ қуаттап алады. Үй жағдайында толық қуаттауға 9-12 сағат уақыт қажет. Ал егер біздің орталыққа келетін болса, бізде 1,5-2 сағаттың ішінде тез қуаттап алуға болады», — дейді Алексей.
СҚО-ға алғашқы электромобиль 2022 жылы әкелініп, Tesla маркалы көлік тамыз айында тіркеуден өткен. Қазіргі уақытта облыс жолдарында, СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Toyota, Volkswagen, Honda, Tesla, Zeekr, Mercedes-Benz маркалы 43 көлік жүр. Оның 35-і былтыр есепке алынды.
«Ел аумағына электромобиль әкелу үшін жеңілдетілген тариф белгіленген. Қазақстан Республикасының азаматына кедендік баж және салықтарды төлеуден босатыла отырып, 1 электромобильді жеке пайдалануы үшін әкелуге рұқсат берілген. Яғни утилизациялық алым да төленбейді. Автокөлік иесіне көлік құралын мемлекеттік тіркеу үшін ғана төлейді. Әкелінген көліктің шығарылған мерзімі 3 жылдан асқан жағдайда бұл сома 250 АЕК мөлшерінде болмақ», — дейді СҚО ПД процессинг орталығының бастығы Әсет Мәтен.
Петропавл тұрғыны Алексейдің айтуынша, ол электромобиль сатып алғанына өкініп отырған жоқ.
«Электромобильдің ең үлкен минусы — бағасының қымбаттығы. Бұрын қолданыста болғанының өзін ең кемінде 18 млн теңгеге аласың. Құны әрі қарай өсе береді. Екіншісі — әзірге алыс жолға шығу қауіпті. Өйткені электромобильдерді қуаттайтын қоғамдық станциялар жол бойында жоқ. Петропавлдан шыққаннан кейін ең жақыны Щучьеде, ал Ресейге баратын болсаң — Омбыда орналасқан. Петропавлдың өзінде бір ғана орталық жұмыс істейді», — дейді электромобиль иесі.