СҚО прокуратурасында интернет алаяқтықпен күресуге бағытталған шаралардың тиімділігі мәселесі қаралды. Алдын алу жұмыстары жүргізілгенімен интернет алаяқтық фактілері азаяр емес. Жыл басынан бері өңірде осындай 456 қылмыс тіркелсе, соның 47-сі ғана сотқа дейін жеткен. Соның 26-сында зардап шеккендер өздері қылмыскерлерді анықтап берген.
«Өңірде биыл алаяқтыққа қатысты 644 қылмыс тіркелсе, соның 70%, яғни 456 қылмыс – интернет алаяқтық. Өкінішке орай атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарынан тиісті нәтиже жоқ, оны халық сезінбейді. Кей өңірлерде интернет алаяқтардан зардап шеккендер құқық қорғау органдарының жұмысына наразылықтарын білдіріп шықты. Интернет алаяқтық қылмысы өсіп келеді, жыл басынан бері тұрғындарға 450 млн теңге шығын келді. Петропавл, Айыртау, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар және Тайынша аудандарында алаяқтардың құрығына ілініп жатқандар көп. Қылмыскерлер жазасыз қалып отыр. Мысалы полицейлер «ХайТек» және «Анти-Форд» аясында 76 істің ашылғаны туралы есеп берді. Бірақ оның 27-і тоқтатылған. Тергеушілер көпшілігін ешқандай себепсіз жауып тастаған», - дейді СҚО прокуратурасы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Максим Доровик.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, бұған себеп қылмыскерлердің басқа мемлекеттен болуы.
«Интернет алаяқтар ақшаны бірден шетелдік шоттарға аударады. Бізге жәбірленушілер уақыт өткізіп, орташа есеппен тек 3 күннен кейін келеді. Бұл тым кеш. Қаскөйлер көбінесе шетелде отырып, дропперлерді қолданады. Яғни келісім бойынша қазақстандықтың банк картасына ұрланған ақша түседі, оның 10% ол өзінде қалтырса, қалғанын шетелдік шотқа аударады», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Бұған дейін қаржы пирамидасын басқарды деген күдікке ілінген әйелге халықаралық іздеу жарияланғанын жазған едік.