Он саусағынан өнер тамған шебер, бесаспап маман Жайнагүл Маралқызына қолөнершілік әжесінен дарыған. Кішкентайынан кейуананың қасында отырып, инесін сабақтап, мата қиындыларынан қуыршағына көйлек тігетін. Қазір қолы бос уақытта қазақи дүниені - қыз жасауына арналған көрпе-жастық, диван жапқыштар, балалар жамылғысын, ұлттық киімдер, қоржындар тігеді. Кестені де, тоқуды да меңгерген.
- Қазағым «үйрен де жирен» деп бекер айтпаған ғой. Білгеннің пайдасы болады. Мәселен пандемия басталып, үйден шыға алмай қамалып қалғанда қолыма ине-жіп алдым. Алғашқы көрпемді анама тіктім. Біткен дүние өзіме де, анама да ұнады. Көрпені суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып едім, қызығып, тапсырыс бергендер болды. Тек бір жылда жүзге жуық көрпе-жастық тіккен екенмін, - дейді Жайнагүл Темірханова.
Жайнагүл Маралқызының негізгі мамандығы – музыкант. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның домбырашысы.
- Алғаш қолыма домбыраны жеті жасымда алып, содан бері тастаған емеспін. Үйдегі апа-сіңлілерім де музыкаға жақын. Гитарада ойнаймыз, бірер жыл бұрын жетіген аспабын меңгердік. Отбасылық мерекелерде, басымыз қосылғанда шаңырақтан ән-күй үзілмейді.
Бізден көріп балаларымыз да, жиендер де өнерге қызығушылық танытып, үйреніп жатыр, - дейді Петропавл тұрғыны.
Жайнагүл Маралқызы қазір қалада тұрғанымен, жұмысынан қолы қалт етсе, туған ауылына асығады. Аққайың ауданы Аралағаш ауылында оның ата-анасы тұрады.
- Ауылым - ең сүйікті мекенім, сол себепті демалыс күндері, бос уақыт бола қалса, көңіл ауылға тартып тұрады. Қаланың қым-қуат тіршілігінен шаршап барғанда қасиетті мекенімнен күш аламын.
Ұлдарымды да ауылға жиі апарамын, жазғы демалысты олар ата-әжелерінің қастарында өткізеді. Үй шаруасына көмектеседі, отын да жарады, арам шөп те жұлады. Әсіресе ер бала қайдан шыққанын біліп, ауылмен байланысты үзбеуі тиіс, - дейді кейіпкеріміз.
Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың қысқы көрінісін Жайнагүл Темірханова Нұрлан Қоянбаев #Qazalemi хештегімен жариялаған байқауға ұсынды.
- Әр адам үшін туған мекенінен ыстық, оған жетер жер жоқ. Бұл байқау көпшілікке туған өлкесімен мақтануға тағы бір мүмкіндік. Бізде асқаралы тау болмағанымен, қарасаң көз жетпейтін жазық дала, қайыңды-қарағайлы ну орман бар. Еліміздің табиғатының бір ерекшелігі де осы ғой, - дейді Жайнагүл Темірханова.
Бұған дейін видеолары арқылы көпшілікке Қарқаралы табиғатын паш етіп жүрген құтқарушы Олжас Төлеубекпен таныстырған едік.