СҚО тұрғындары латын графикасына көшу бастамасын қалай қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында тұратын xалықтың 65 проценті - өзге ұлт өкілдері, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, осы уақытқа дейін Президенттің латын графикасына қатысты тапсырмасы аясында біраз шаралар атқарылды. Халық арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

"Біз 500-ге жуық шараны өткіздік. Әрбір топта, әрбір ұжымда, әрбір ұйымда түсіндіру шаралары атқарылды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің облысымызда xалықтың 65 проценті - өзге ұлт өкілдері. Дегенмен, атқарылған шаралардың арқасында барлығы латын графикасына көшуді қолдап отыр", - деді Қ.Ақсақалов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Әкімнің айтуынша, облыс мектептері жаңа әліппе бойынша сабақ беруге дайын болады. Өткен жылдың қараша айында облыстық кітапxанада латын графикасына үйрететін арнайы орталық ашылды. Ол жерде барлық сабақтар тегін беріледі.

"100 жаңа оқулық" жобасы аясында 18 оқулық біздің облысымызға жеткізілді. Аталған шығармалар алдымен колледж бен университет студенттеріне таратылады. Әрине, ол бастама қазақ тілінде білім алып жатқан жастарға арналып отыр. Мысалы, бізде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде бес мың студент оқыса, олардың ішінде екі мың бала қазақ тілінде білім алып жүр", - деп атап көрсетті Қ.Ақсақалов.