СҚО тұрғындары табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары тапқан табысының 46,2 %-ын азық-түлікке жұмсайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО статистика департаментінің мәліметінше, өткен жылдың төртінші тоқсанында үй шаруашылығын зерттеу нәтижесінде тұрғындардың ай сайынғы адам басына жұмсалатын қаражаты 14,5 %-ға өскені анықталған. Осылайша бір адамның айлық орташа шығыны 70,6 мың теңге.

Тұрғындардың еңбекақысының негізгі бөлігі – 88,7 %-ы тұтынушы қажеттілігіне жұмсалады. Оның ішінде 46,2 %-ы азық-түлікке, 29,8 %-ы азық-түліктан басқа тауарларға және 12,7 %-ы қызмет көрсету ақысын төлеуге кетеді. Ал 11,3 %-ы материалдық көмек көрсетуге, алимент төлеуге, қарыз бен несиені жабуға және салық төлеуге жұмсалады.

«Тұрғындардың азық-түлікке жұмсайтын қаражатының 31,1 %-ы ет пен ет өнімдерін сатып алуға кетеді. Екінші орында нан өнімдері мен түрлі жармалар тұр. Облыс халқы киім-кешекке де табысының елеулі бөлігін жұмсайды. Мәселен қала тұрғындары еңбекақының 26,9 %-ын, ауыл тұрғындары 23,2 %-ын киім мен аяқ киім алуға жаратады», - делінген хабарламада.

СҚО тұрғындарының қызмет көрсетуге жұмсалатын ақысының 37,3 %-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық төлеміне, 33,8 %-ы көлік пен байланысқа, 8,5 %-ы білім алуға кетеді. Ал көңіл көтеруге небары 0,9 %-ы ғана жұмсалады. Қала тұрғындарының ақылы қызметке жұмсалатын шығындары ауыл тұрғындарынан 1,9 есе көп.