СҚО тұрғыны бақшасына қарбыз егіп, 2 тоннаға жуық өнім алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Корнеевка елді мекенінің тұрғыны теріскейде өсе қоймайтын қарбызды егіп, 2 тонна шамасында өнім алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Есіл ауданы Корнеевка елді мекеніндегі Малвеновтер отбасы 10 сотық жерге қарбыз егіп, өңір үшін рекордтық өнім алды. Әрқайсысы шамамен 7 келіден. Арасында 12-14 келі тартатындары да бар.


Отағасы Николай Малвенов қарбыз өсіруді 3 жыл бұрын қолға алған екен.

«Интернетті қарап отырып, Николай Ресейдегі Барнауылда, Кемерово облысында қарбыз өсіріп, жақсы өнім алғандарды көрді. Олардың ауа райы біздікімен ұқсас, бір ендікте жатырмыз. Содан бастап қызығушылығы басталды», - дейді Николайдың зайыбы Елена.

Бірінші жылы шағын ғана жерге еккен олар, биыл картоптың орнын толық осы қарбызға арнапты. 300 түптің әрқайсысы орташа 20 келіден берген.


«Қарбыздың 30 сұрпын ектік. Арасында «Виктория», «Топ ган», «Атаман», «Астраханский», «Кримсон Свит» сияқты танымал түрлері бар. Күйеуім оларды Мәскеуден алдырады. Элиталық тұқым, біздің ауа райына бейімделген. Арасында экзотикалық түрі, дәмі өзгеше – сарылары да бар. Қазір біз тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Олардың өнімділігіне ғана емес, дәміне, сапасына да қараймыз. Кейін әрине, арасынан таңдап аламыз», - дейді Елена.

Николайдың да, Еленаның да агрономияға қатысы жоқ. Николай Малвенов – көлік жүргізушісі. Алысқа қатынайтын жүк көліктерін жүргізеді. Еленаның ауылда өз кәсібі бар, дүкен ұстайды. Отағасы бүгінгідей жолға шыққанда оның қарбыздарын күтіп-баптайтын осы – Елена.

«Қарбыздың көшетін сәуір айының соңында егеміз. Жылусүйгіш өсімдік қой. Топырақ температурасы 16 градустан төмен болса тамырлары өліп қалады. Биыл мамыр айының басында отырғыздық. Кейін екі аптаға күн суытып кетті. Сол кезде үсікке ұрындырып алып, өскіндердің 30 % шықпай қалды. Сондықтан үнемі жауып, байқап отыру қажет. Алғашқы қарбызды осы жылы шілде айының ортасында алдық. Қазір өнімді екінші рет жинап жатырмыз», - дейді ол.

Еленаның айтуынша, СҚО-да өскен қарбызға әсіресе, ауылдастарының арасында сұраныс жоғары. Жергілікті қарбызды өсіруге пестицидтер қолданылмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан хош иісті, дәмі де тіл үйіреді.

«Николайдың айтуынша, қарбызды өсіруде үш нәрсеге аса мән беру қажет. Ең алдымен тұқым жақсы болуы керек. Екіншіден тамшылата суарылуы қажет. Ал үшіншіден қарбызды өсіремін деген үлкен ниет болуы керек. Тек еңбектің арқасында ғана біздің өңірде де жақсы өнім алуға болады», - дейді Елена.

Биыл Малвеновтер отбасы 10 сотық жерден 2 тоннаға жуық өнім алды. Әуесқой бағбандар әлі бір жылдай қарбыз өсіру ісінде тәжірибе жинамақшы. Ал кейін оны табыс көзіне айналдырмақ.