СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына 33 жастағы ер адамның құрамында спирті бар өнімнің заңсыз айналымына қатысы бары туралы ақпарат түскен.
Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, Петропавл аумағында «ГАЗель» автокөлігін басқарған ауыл тұрғынын тоқтатады.
Жүк көлігінен контрафактілік арақ құйылған 500 дана бес литрлік пластикалық ыдыс табылды.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материал жинады.
«Контрафактілік алкогольді тұтыну қауіпті. Сонымен қатар, алкогольдік ішімдіктердің заңсыз айналымы мас күйде қылмыс жасау қаупін арттырады. Қаңтар айынан бастап облыста ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірге осындай бірнеше фактіні тексерді, нәтижесінде заңсыз айналымнан 2144 литр алкоголь тәркіленді», - дейді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рахат Нұрахметов.
Ал жалпы жыл басынан бері СҚО-да 4820 литр спирті бар өнім тәркіленді.