СҚО үкіметтік емес ұйымдарының азаматтық альянсы Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды өткізуді қолдайды
Бейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумды қолдап қол қойған ел азаматтарының қолтаңбаларының растығын тексерудің нәтижесі туралы қорытынды хаттаманы бекіткен болатын. Айта кету керек, Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаған 5 млн. 16 мың қол жиналды.
Ал кеше Астанада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Осылайша, Парламент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдады.
СҚО үкіметтік емес ұйымдарының азаматтық альянсы қауымдастығының жиналысында ҚР Парламентінің жоғарыдағы шешімі мен бастамашыл топ мүшелерінің ұсынысы бірауыздан қолданды. Осы жиналыста Қауымдастық мүшелерінің коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерін референдумды өткізуді қолдауға шақырған Үндеуі қабылданды.