СҚО университетіндегі әскери кафедра жабылмайды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі әскери кафедра жабылмайды, қазір Қорғаныс министрлігінде оның жұмысын ұйымдастыру мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Kozybayev University студенттері жоғары оқу орнында әскери кафедраның жабылатындығын айтып, шу шығарған еді. Жастардың айтуынша, олар бұл оқу орнын осы әскери кафедра үшін таңдаған. Оған түсу медициналық анықтама жасатқан. Әскери кафедраға түскісі келгендердің саны 300-ден асады. Алайда кафедра өтініштерді қабылдамаған.

Осы мәселеге қатысты жоғары оқу орнының баспасөз қызметі жауап берді.

«Бүгінде Kozybayev University әскери кафедраны жабу туралы мәселені қарастырып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінде оның қызметін ұйымдастыру жайы талқыланып жатыр. Сол себептен әскери кафедраға қабылдау уақытша тоқтатылды. Алдыңғы жылдары оқуға түскен студенттер оқуларын әуелгі форматта аяқтайды.

Студенттер әскери комиссариатта медициналық комиссиядан тегін өтеді, ал тиісті талдауларды тіркелген жері бойынша емханаларда тапсыра алады. Медициналық қызметке 20-25 мың теңге жекеменшік медициналық ұйымдарда талдауларды жасатқан жағдайда ғана жұмсалады», - дейді университеттің баспасөз хатшысы Диана Халимова.