Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба «QH — балаларды үй жағдайында оңалту» деп аталады.
Ведомствоның мәліметінше, бағдарламаны Петропавл мен Ақтаудағы Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының өңірлік филиалдары жүзеге асырады.
Мәселен, СҚО-да тірек-қимыл аппараты бұзылған 497 бала бар. Олардың бірқатары аудан орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдарда тұрады. Мұндай отбасылар үшін баланы оңалту шараларына үнемі апарып-әкелу оңай емес. Жаңа жоба осы мәселені шешуге бағытталған. Енді оңалту шаралары баланың өз үйінде, үйреншікті ортасында жүргізіледі. Ал мамандар қажетті құрал-жабдықтарды таңдап, оны пайдалануды үйретіп, отбасына тұрақты қолдау көрсетеді.
Жұмыс алдымен баланың жағдайын бағалаудан басталады. Мамандар ата-анасымен бірге баланың қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерін және үйдегі жағдайды зерделеп, оңалтудың жеке жоспарын әзірлейді. Қажеттілігіне қарай балаға көпфункционалды мүгедектер арбасы, вертикализатор немесе жүріс құралы уақытша әрі тегін пайдалануға беріледі.
Құрал-жабдықты бермес бұрын мамандар оны баланың ерекшеліктеріне қарай бейімдеп, қажетті өлшемдерін келтіреді. Сондай-ақ ата-аналарға оны қауіпсіз пайдалану жолдары тәжірибе жүзінде түсіндіріледі. Одан кейін де мамандар отбасымен байланыста болып, оңалту барысын бақылап, қажет болған жағдайда бағдарламаға өзгеріс енгізеді.
— Біз үшін ең бастысы — баланың күнделікті өміріндегі оң өзгерістерді көру. Мысалы, ерекше қажеттілігі бала ойын кезінде бұрынғыдан ұзағырақ отыруы, бір нәрсеге сүйеніп нық тұруы немесе ересектердің көмегін аз қажет етіп, өздігінен қозғала бастауы мүмкін. Мұндай сәттерді ата-аналармен бірге белгілеп, нәтижесін оңалтудың цифрлық күнделігінде бақылап отырамыз. Енді шалғай ауылдарда тұратын отбасылар да баласын жолға әурелемей, үйде күн сайын жаттықтыра алады, — дейді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Аягөз Сейтзадина.
Жоба аясында ата-аналар, балалар мен мамандар FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы байланысады. Бұл платформа оңалту барысын цифрлық форматта бақылауға, қажетті ақпаратпен алмасуға мүмкіндік береді.
— Бұл тәсілдің тиімділігі мамандардың үздіксіз қашықтан қолдау көрсетуіне байланысты. Әр балаға жеке оңалту бағыты жасалып, ата-аналар күн сайын орындалған жаттығуларды тіркеп отырады. Мамандар өзгерістерді бақылап, бағдарламаны жедел түзетуге мүмкіндік алады. Осылайша ата-аналар оңалту жұмысының толыққанды қатысушысына айналады, ал бала маманның кезекті қабылдауын күтпей, тұрақты түрде жаттығады, — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғали.
Жобаның тиімділігі бұған дейін бірнеше өңірде дәлелденген. Қазір ол Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Абай облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін бағдарламаға 691 бала қатысқан. Оның 430-ы оңалту курсын аяқтаса, 259-ы жаттығуларын жалғастырып жатыр. Мамандар балалардың функционалдық дағдыларында 550 оң өзгеріс тіркеген. Жоба аясындағы оңалту құралдарының қоры 421 жеке техникалық құралдан тұрады.
Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына арналған жабдықтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының қолдауымен сатып алынған. СҚО-да бұл іске жергілікті атқарушы органдар да үлес қосқан.
Алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. 2027 жылы оны тағы 12 облыста кезең-кезеңімен іске қосу көзделген. Нәтижесінде бағдарлама еліміздің барлық 20 өңірін қамтуы тиіс.
Жобаға қатысуға өтінімді екі жолмен беруге болады. Біріншісі — Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының www.kazto.kz сайтындағы «Өзекті жобалар» бөлімі арқылы өтініш қалдыру. Одан кейін орталық мамандары өтініш берушімен хабарласады. Екіншісі — орталықтың өңірлік филиалына тікелей жүгініп, бағдарлама талаптары мен қатысу тәртібі жөнінде кеңес алу.
Бұған дейін 471 ұйым мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға міндеттелгенін жазған едік.