СҚО жол-көлік апаты ең төмен өңір ретінде тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статитиска және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2015 жылдың 3 айында 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 3 пайызға төмендеді.

«Аталған мерзімде еліміздің жолдарында 3 686 жол-көлік оқиғасы болып, онда 5 112 адам жарақат алған, ал өткен жылдың 1-тоқсанында 3 872 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 5 111 адамның денсаулығына зақым келді», - делінген комитет мәліметінде.

Барлық ЖКО-лардың ішінде 30 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Алайда 2015 жылы қалада жол-көлік оқиғалары азайып, 1 163 ЖКО-ны құрады. Ал апаттылығы аз өңір ретінде Солтүстік Қазақстан облысы тіркеліп отыр, онда 44 ЖКО орын алған.

Ақмола обылысында - 72 (127) , Қостанай облысында - 102 (136) ЖКО орын алып, өткен жылға қарағанда төмендеді. Астана қаласында - 159 (121) және Жамбыл - 241 (220) облысында жол-көлік оқиғасы жасалып, біршама өсім байқалды.

ЖКО нәтижесінде жарақат алғандар саны бойынша да Алматы қаласы алдынғы орында, алайда мұндағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген 1386 (1531). Сондай-ақ, ЖКО салдарынан Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында жарақат алған адамдардың саны азайып келеді. Керсінше, осы жылы Астана қаласында, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында ЖКО-да жарақат алған адамдар санының сәл өскендігі байқалады.

Статистика көрсетіп отырғандай, жол апаттарының себептері өзгеріссіз қалып отыр. Бұрынғысынша ЖКО көбінесе немесе 90 пайызы Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Мәселен, жүргізушілердің кінәсінен 3 468 жол апаты болған, оның ішінде 93 жүргізуші алкогольдік немесе есірткілік масайған күйінде болған.