СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңір жолдарында үш бала зардап шекті. Оқыс оқиғалар қайталанбауы үшін демалыс қарсаңында полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті. Сынып сағатының тақырыбы - жолдағы қауіпсіздік. Бұл тақырып қашанда өзекті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жолдағы қозғалысты реттейтін полицейдің қимылдарын тіпті ересектердің өздері де біле білмейді.
Ю.Гагарин атындағы № 14 орта мектепте жергілікті полиция қызметінің инспекторы Марат Темірбеков төртінші сынып оқушыларына таяқшаның әр позициясы нені білдіретінін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Балалар сыныпта өздерін реттеуші рөлінде сынап көрді.
«Ережелерді қайталадық. Жолды тек бағдаршамның жасыл түсі жанғанда, жан-жаққа қарап, қауіпсіздікке көз жеткізгеннен кейін ғана өту қажеттігін еске салдым. Қазір жиі кездесетін мәселе – көшеде құлаққап тағып алып жүру. Бұл өте қауіпті. «Зебраға» жақындағанда да, жақын маңда машинаның жоқтығын көріп немесе ол тоқтаған кезде ғана өткен дұрыс», - дейді Марат Темірбеков.
Ал «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тәртіп сақшылары жүргізушілерге профилактикалық буклеттер мен жадынамалар таратты. Басты ұсыныс - жаяу жүргіншілер өткелі жанында жылдамдықты азайту, баланы тек арнайы арбада тасымалдау.
Жыл басынан жаяу жүргіншілердің кінәсінен СҚО-да 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қайтыс болды, 2 адам жарақат алды.