Спикердің кітап оқуға деген қызығушылығы Түркияда магистратурада білім алып жүрген кезінде артқан. Сол кезде ғылыми жетекшілері тілді жетік меңгеру үшін балалар әдебиетін оқуға кеңес берген. Осыдан кейін ол көркем әдебиетке ден қойып, балаларға арналған бірнеше шығарманы қазақ тіліне аударған.
— Түрік жазушысы Фатма Гүнердің «Достардың махаббаты» атты балаларға арналған шығармасын аудардым. Сондай-ақ қырғыз жазушысы Айдарбек Сарманбетовтің «Адам болам» кітабын қазақ тіліне тәржімаладым. Мұның барлығын диссертация жазумен қатар алып жүрдім. Күн сайын кітап оқуға және аудармаға арнайы уақыт бөлдім, — деп бөлісті Гүлжаз Қарыбек Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында.
Спикер баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырудағы ата-ананың рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, балаға кітап оқуды бұйырудан гөрі бірге оқып, мазмұнын талқылау әлдеқайда тиімді.
— Баламен бірге кітап оқып қана қоймай, оны талдау керек. «Сен осы тақырыпта не ойлайсың?» деп пікірін сұрап, ашық сөйлескен жөн. Біз көбіне балаға «Кітап оқы» деп бұйрық береміз. Бірақ бұл — тиімсіз тәсіл. Қазір ақпарат көп, оқыған дүниені тез ұмытып қалатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан баланы оқығанын түсінуге, ой елегінен өткізуге үйрету қажет, — деді ол.
Ал кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру үшін, ең алдымен, оған уақыт бөліп, оқитын әдебиетті саналы түрде таңдаған жөн.
— Бизнес пен психологияға арналған кітаптардың маркетингі өте жақсы жолға қойылған. Сондықтан олар тез өтеді. Дегенмен адам жанына әсер етіп, жүрекке жететін көркем әдебиеттен алыстамауымыз керек. Оның үстіне қазір кітап оқуды насихаттауға бағытталған бірқатар жоба қолға алынып жатыр, — деді Гүлжаз Қарыбек.
Айта кетейік, елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтуде. Оған 1,4 миллионнан астам қазақстандық қатысып жатыр.