SkyTrain, LRT, метро және көшелерді ұзарту: Алматыда қандай жұмыс атқарылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XLVI сессиясы өтті.

Фото: surrey.ca

Сессия барысында депутаттар тарапынан қоғамдық көлік жұмысына қатысты тұрғындардың арыз-шағымы әлі де толастамай отырғанын атап өтті. Қала әкімдігі өкілдерінен жол-көлік бағытындағы мәселелерді шешу үшін қандай жұмыс атқарылып жатқаны сұралды. Оның ішінде депутаттард LRT желісінің қашан іске қосылатыны қызықтырды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов 2024 жылы қаладағы қозғалыс сапасын арттыруға бағытталған көлік қаңқасының мастер-жоспары бекітілгенін мәлімдеді.

LRT

Оның айтуынша, биыл LRT желісінің құрылысына дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Төле би көшесінің бойындағы ескі рельстерді бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын желі Индустриалды аймақ пен деподан басталып, Момышұлы көшесі арқылы Төле бидің бойымен, Абылай хан даңғылымен «Алматы-2» вокзалына дейін созылады.

— Айдың соңында тікелей құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Метро

Сондай-ақ ол метрополитенді дамыту жұмыстары да жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, маусым айының соңына дейін «Қалқаман» бекетіндегі негізгі жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр Содан кейін іске қосу-реттеу жұмыстары басталады. Нысан 2026 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Сонымен қатар «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейінгі 5,3 км метро желісінің құрылысы басталады. Қазір бұл аумақтағы инженерлік желілерді басқа жерге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал метроның «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейінгі ұзындығы 14 шақырым болатын және 8 станциядан тұратын желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Сараптама қорытындысы шілде айында шығады деп жоспарланған. Сондай-ақ «Сайран» станциясынан Алатау қаласына дейінгі желінің де (21 шақырым, 12 станция) техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.

Одан бөлек SkyTrain жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін бастапқы мәліметтерді жинау жұмыстары басталған.

Көшелерді ұзарту

Олжас Шабданов қаладағы жолдарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына шығатын 6 жолды ұзарту жобасы іске асырылып жатыр. Өткен аптада Саин көшесінің ұзартылған бойымен көлік қозғалысы ашылды. Оның айтуынша, бұл Момышұлы көшесі мен Рысқұлов даңғылындағы кептелісті азайтуға мүмкіндік берді.

Жыл соңына дейін Рысқұлов даңғылының Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейінгі учаскесінде (2,3 шақырым) қозғалысты іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы радиалды жолдар бойынша жұмыстарды 2027 жылдың соңына қарай толық аяқтау көзделген. Жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 50 шақырымға жетеді. Оның 18,1 шақырымы қалалық аумаққа, 31 шақырымы облысқа тиесілі.

Сондай-ақ қала ішіндегі негізгі магистралды көшелерді — Төле би, Алдар Көсе, Жұбанов, Мұқанов және Хмельницкий көшелерін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр.

— Биыл Төле би көшесінің бойымен (4,5 шақырым) көлік өтетін жолды қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Жұбанов көшесінің Алатау даңғылынан қала шекарасына дейінгі бөлігінде де қозғалыс ашылады, — деді басқарма басшысы.

Қоғамдық көлік сапасы

Шабданов қоғамдық көлік сапасын жақсарту бағытындағы шараларға да жеке тоқталып өтті. Наурыз айынан бастап бақылау-желілік қызметінің пилоттық жобасы іске қосылған. Бүгінгі таңда 1200-ден астам заң бұзушылық анықталды. Автобустардың уақыт аралықтарын, қызмет көрсету сапасы мен тасымал қауіпсіздігін бақылауды күшейту үшін бұл қызметтің штатын 200-ден 325 қызметкерге дейін ұлғайту жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобустар Саин көшесінің ұзартылған бөлігімен жүре бастайтынын жазғанбыз.