Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, Ерік Төленов ұлттық дәстүрді сақтаудағы жоғары шеберлігі үшін мемлекетаралық «МИР» телерадиокомпаниясының «Песня - Путь к Содружеству» арнайы марапатына ие болды. Сондай-ақ ол халықаралық байқаудың лауреаты атанды.
Ал 12 жастағы Алинур Хамзин балалар арасында осы сайыста екінші орын иеленді.
Айта кетейік, Ерік Төленов 1993 жылы Түркістан облысының Ащысай ауылында дүниеге келген. Кентау қаласындағы №23 Т.Рысқұлов атындағы мектепті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген, 2014-2016 жылдары түрлі музыкалық топтарда өнер көрсеткен. 2021 жылы Mozart халықаралық шығармашылық фестивалінің және Welle-music wave халықаралық байқауының гран-при иегері атанған, The Voice of Kazakhstan танымал байқауында екінші орын алды. Оның қойылымы әлемнің ең үздік The Voice шоуларының қатарына енді.
Алинур Хамзин 2010 жылы Орал қаласында дүниеге келген. №27 мектеп-лицейінің 6-сыныбында және №1 музыка мектебінде оқиды. Соңғы 5 жылда республикалық конкурстарға, тележобаларға және халықаралық конкурстарға, оның ішінде Париждегі Junior Eurovision байқауына, Ташкенттегі «Роза востока» халықаралық конкурсына қатысқан. Сондай-ақ, ол әртүрлі тележобалар мен конкурстардың лауреаты.
Фото : gov.kz