12:40, 22 Мамыр 2009
Славян жазбалары және мәдениеті күніне орай шығармашылық кездесу өтуде
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Парасат» Қазақстан көпсалалы институты гуманитарлық зерттеу орталығының көмегімен «Еуразия кеңістігіндегі Turco-slavika: санадан тілге» шығармашылық кездесуі өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бұл басқа елдерде, оның ішінде Қазақстанда да атап өтілетін дәстүрге айналған күн. Осыған орай біздің ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басты мекемелермен бірлесіп ұйымдастырып отырған бірқатар шаралары бар. Солардың бірі ? бүгінгі шығармашылық кездесу», - деп атап өтті кездесудің ашылуында Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден.Мәдени шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олег Дымов, Ресей Халықтар достығы университеті гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдары факультеті шет тілдер кафедрасының профессоры Владимир Синячкин (Мәскеу қ.), филология ғылымдарының докторы, Ресей Халықтар достығы университеті шет тілдер кафедрасының профессоры Ұлданай Бақтыгереева (Мәскеу қ.) қатысып отыр. Сұхбат және пікірталас ретінде ұйымдастырылған жүздесуде Қазақстандағы лингвистикалық мәдениеттің жағдайы: жалпы сипаттама, проблемалар мен болашағы; орыс тілі басқа мәдениетті білдіру құралы ретінде; қазақ әдебиетінің орыс тілді тармағы қазақ мәдениетінің басқа тілдегі көрінісі ретінде; қос тілді тұлға екі мәдениеттің өкілі ретінде сияқты бірқатар тақырыптар бойынша баяндамалар жасалуда.Сонымен қатар, осы атаулы күнге орай бүгін кешкі сағат 18:00-де К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ ұлттық-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады.