Словакия астанасында Абай оқулары өтті

БРАТИСЛАВА. ҚазАқпарат - Бүгін Словакия астанасында Я.А. Коменский атындағы университетте «Абай оқулары» және зиялы қауым өкілдермен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеп.

Ұлы ақын Абай 175 жылдығына орай Братислава қаласында ұйымдастырылған жиын Казақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қатысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы делегациясының қатысуымен өтті.

Шарада сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Абай өлеңдері мен философиялық ойлары ұлттың идеологиясына айналғанын жеткізді.

«Абай – қазақ халқы үшін аспандағы темірқазық сияқты. Оның өлеңдері мен философиялық ойлары ұлттың идеологиясына айналды. Абай поэзиясы – әлемдік поэзия. Абай – қайталанбас тұлға, тума талант. Абай өзінің 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: «Ұят кімде болса - иман сонда» деген... Демек, ол өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның «Пайда ойлама, ар ойла» деуінің астарында терең мән жатыр. Мұнда қазақтың: «жарлы болма, арлы бол» дейтін тұжырымымен де үндестік бар», деді Ұлықбек Есдәулет.

Келесі сөз кезегін алған белгілі алаштанушы, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Словакия зиялы қауымына қарата Абайға көрсеткен құрметтеріңізді – барлық қазақ халқына көрсеткен құрмет деп білеміз деді.

«Біздің мемлекет ұлттық идеология негізінде Абай гуманизмін қолдады. Бір ұлттың жүрегін махабатпен жаулап алу үшін, Абайдың бір ғана өлеңі жетеді. Сол махаббат барлық адамзатқа қызмет етсін. Бақытқа жеткізсін», деді Тұрсын Жұртбай.

Ал, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов да бүгінгі іс-шарада өз ойын білдірді.

«Қазақстан мен Словакия елдерінің тағдыры ұқсас деуге әбден болады. Себебі, тәуелсіздікті сіздер де тоқсаныншы жылдардың басында алдыңыздар. Бұрындары, біз бір-бірімізді карта арқылы ғана білетінбіз. Қазір Тәуелсіздіктің және елшіліктердің арқасында жақын танысып жатырмыз. Сондықтан да, Абай әндері, поэзиясы, прозасы Словакия елінің жүрегін жылытсын», - деді Кенжехан Матыжанов.

«Абай – адамзаттың алтын қорына қазақ елінің атынан өз үлесін қосқан ғұлама. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан сөзі ақынның нағыз гуманистік көзқарасын аңғартады. Бұл адамзатқа тән асыл қасиет. Бұл сөз ұлт пен ұлыстарды татулыққа, ынтымаққа, бауырмалдылыққа бастайтын ұранға айналды», деп мәлім етті ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Словакиядағы қазақ студент жастар қатысты.