Словакиядағы Әлем чемпионатында Қазақстан хоккейшілері алаң иелерінен ұтылды
17:14, 05 Сәуір 2010
АЛМАТЫ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Меделбек/ - Словакияның Пьештани қаласында шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздардың 1-ші дивизиондағы командалары арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы 2 кездесуінде де қарсыластарына есе жіберді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің қыздар алғашқы ойында Швейцарияға 1:18 есебімен ұтылған еді. Кеше екінші кездесуде алаң иелеріне 2:9 есебімен есе жіберді. Қарсыластар қақпасына алғашқы ойында Елена Антонова бір шайбамен ғана жауап қатса, екінші ойында Бұлбұл Қартаңбаева мергендік танытып екі шайба енгізді. Енді Александр Сидоренко жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ертең Австрия спортшыларымен кездеседі.
Сәуірдің 3-інде басталған бұл дүбірлі додаға жалпы 6 елдің құрамасы қатысуда. Олар - Швейцария, Словакия, Қазақстан, Австрия, Франция және Норвегия. Сәуірдің 9-ына дейін созылатын бұл бәсекеде үздік шыққан құрама келесі жылы элиталық топта бақ сынайды.