Словакияның премьер-министріне кім оқ атты

Фото: TASR via AP

АСТАНА. KAZINFORM – Словакиялық БАҚ ұсталған адамның жеке басы туралы мәліметтерді жариялады. Ол Словакияның батысында орналасқан Левица қаласының 71 жастағы тұрғыны Юрай Цинтула болып шықты.

Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға шабуыл жасаған адам оқиға орнында дереу ұсталды. Хабарланғандай, шабуылшы саясаткерге бес рет оқ атқан.

Словакиялық JOJ телеарнасының хабарлауынша, ұсталған азамат Ю.Цинтула 1953 жылы туған. Ол 2005 жылы «Дуга» әдеби клубының негізін қалаушылардың бірі болды.

2016 жылға дейін осы әдеби клубтың төрағасы болып, үш өлең жинағын жазды. 2015 жылдан бастап – Словакия жазушылары қоғамының мүшесі. JOJ 24 мәліметінше, 2016 жылы ол Левица қаласындағы сауда орталығында жүргізуші болып жұмыс істеген.

Шабуыл жасау үшін Юрай Цинтула ресми тіркелген қысқа оқпанды қаруды қолданған. Ол қамауға алу кезінде премьер-министрдің саясатымен келіспейтінін мәлімдеді.

Словакияның ішкі істер министрі Матуш Шутай Эштоктың айтуынша, бұл саяси астарлы әрекет екені анық. Бас прокурор Марош Жилинка құқық қорғау органдары премьер-министрдің атылуына ымырасыз жауап беретінін айтты.

Словакия президенті премьер-министрге жасалған шабуылды «демократияға жасалған шабуыл» деп атады.

Шабуылды тек көрші мемлекеттердің өкілдері ғана емес, Еуропалық және әлемдік көшбасшылар, соның ішінде Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, АҚШ президенті Джо Байден, Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан презденті Қасым-Жомарт Тоқаев айыптады.

Р.Фицоға жасалған шабуылдан кейін Словакия парламентінің қазіргі сессиясының жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылды.