Словенияда президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Словения президент сайлауының екінші кезеңінде елдің бұрынғы СІМ басшысы Анже Логар және солшыл орталық көзқарастағы Наташа Пирц-Мусар бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW News агенттігіне сілтеме жасап.

Сайлау учаскелері жексенбі, 13 қараша, жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де ашылып, сағат 19.00-де жабылады. Бірінші турда үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздан асатын дауыс жинаған жоқ.

Жоғарғы лауазымға бұрынғы СІМ басшысы, оңшыл орталық Словения демократия партиясының депутаты Анже Логар және солшыл орталық көзқарасты ұстанатын бейпартиялық кандидат, адвокат Наташа Пирц-Мусар таласады.

23 қазандағы бірінші турдың қорытындысы бойынша бюллетеньдердің 99 пайызын өңдегеннен кейін Словенияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Логар шамамен 34 пайыз, Пирц-Мусар 27 пайыз төңірегінде дауыс жинады.

Үшінші орынды Еуропарламент депутаты, «Әлеуметтік демократтар» партиясының және «Бостандық» қозғалысының кандидаты Милан Брглез иеленді, ол 15,41 пайыз дауыс жинады.

Қазіргі президенттің мандаты желтоқсанда аяқталады.

Сайлауға жеті үміткер қатысты.

Жаңа мемлекет басшысы 23 желтоқсанда Словенияның қазіргі президенті Борут Пахордың бес жылдық мандаты аяқталған кезде қызметіне кірісуі керек.

Айта кетейік, Словения - парламенттік республика, сондықтан ел президентінің функциялары шектеулі.


Фото: AP photo