Словенияда іс басындағы премьер-министрдің партиясы жалпы сайлауда жеңіске жетті

АСТАНА.KAZINFORM - Словенияның қазіргі премьер-министрі Роберт Голоб жетекшілік ететін «Еркіндік қозғалысы» партиясы жалпы сайлауда аз ғана басымдықпен жеңіске жетті, деп хабарлайды Anadolu.

Фото: Anadolu

Мемлекеттік сайлау комиссиясының алдын ала деректеріне сәйкес, бюллетеньдердің 99,85%-ы саналғаннан кейін «Еркіндік қозғалысы» 28,62% дауыс жинаған. Бұрынғы премьер-министр Янез Янша басқаратын Словения демократиялық партиясы (SDS) 27,95% дауысқа ие болды.

Аз ғана айырмашылықпен жеңіске жеткен Голоб партиясы 90 орындық парламенттен 29 мандат алады, ал SDS — 28 орынға ие болады.

Елдегі сайлау жүйесіне сәйкес, парламентке өту үшін партиялар жалпыұлттық деңгейде кемінде 4% дауыс жинауы тиіс. Бұл межеден «Еркіндік қозғалысы» мен SDS-тен бөлек тағы бес партия өтті.

Нәтижелер жарияланғаннан кейін жақтастары алдында сөз сөйлеген Роберт Голоб екінші мерзімге жету оңай болмағанын айтты.

Оның сөзінше, Словенияда қоғамның талап-тілегі жоғары, билік айтылған сын-пікірлерді біледі. Соған қарамастан, үкімет өз саяси бағытын өзгертпейді.

Өз кезегінде Янез Янша дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, тиісті шағым түсіретінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол мерзімінен бұрын сайлау өткізудің ел үшін пайдалы болатынын жеткізді.

Қорытынды нәтижелер ресми бекітілгеннен кейін Голоб жетекшілік ететін «Еркіндік қозғалысы» партиясы үкімет құру үшін өзге саяси күштермен коалициялық келіссөздер бастайды деп күтіледі.

Словениядағы парламент сайлауы пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша өтеді. Ел 8 сайлау округіне бөлінген, олардан 88 депутат сайланады. Тағы екі мандат италиялық және венгр азшылықтарына тиесілі. Осылайша, ұлттық жиналыста барлығы 90 орын бар.

Алдыңғы жалпы сайлау елде 2022 жылы өткен.

Бұған дейін Еуропалық одаққа мүше Дания 24 наурызда жалпы сайлау өткізетіні хабарланған еді. Сайлау АҚШ-тың Гренландияны «басып алу» туралы мәлімдемелері аясында өтпек.