Е. Ашықбаев бұл мәселеге байланысты Ресей тарапымен келіссөздер жүріп жатыр ма деген тілшілер сұрағына жауап берді және министрлік азаматтың өтінішін алғанын және тиісті органдармен байланыста екенін айтты.
— Дмитрий Харрис жағдайы туралы мәселеден хабарым бар. Біз азамат Харрисовтың өтінішін алғанымызды растаймыз. Ресей Федерациясының құзырлы органдарының мәліметінше, аталған азамат Ресей Федерациясының да азаматы ретінде тіркелген, — деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, келесі қадамдарды жасау үшін өтініш берушінің нақты қай елдің азаматы екені анықталуы қажет.
— Ең алдымен оның нақты қай елдің азаматы екенін нақтылау қажет. Осы мақсатта біздің Астраханьдағы бас консулдығымыз оның өзімен және Ресейдің құзырлы органдарымен тікелей байланыс орнатты, — деді СІМ басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол қазақстандық дипломаттар азаматқа қажетті консулдық көмек көрсетіп жатқанын айтты.
— Барлық қажетті консулдық қолдау көрсетіліп жатыр және алдағы уақытта да жалғасады, — деді Ержан Ашықбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Дмитрий Харрис өзін Ресей аумағында ұстап отырғанын айтып, Қазақстанның мемлекеттік органдарынан көмек сұраған еді.