СІМ Эр-Риядтағы шабуылдан зардап шеккендер арасында ел азаматтарының бар-жоғын тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын тексеріп жатыр.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.

Қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.

Бұған дейінгі ақпаратқа сәйкес, шабуылға Йемендегі хуситтер жауапкершілікті өз мойнына алған. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған.

Бұл — кейінгі бір аптада әуежайға жасалған үшінші шабуыл. Кейінгі шабуылдан соң рейстер басқа әуежайларға бағытталып, Эр-Рияд әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылған.