СІМ Ресей шекарасындағы жаңа талаптарға қатысты пікір білдірді

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей тарапынан 30 маусымнан бастап енгізілетін шекаралық бақылаудың жаңа талаптарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

— Барлық мәлімет Ресейдегі елшілігіміздің сайтында жарияланған, сондай-ақ бұл бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарында да жарық көрді. Сондықтан Ресейге баратын ҚР азаматтары шекарада ешқандай түсініспеушілік болмас үшін шекарадан өтуге қатысты жаңа талаптармен алдын ала танысып шығуы қажет, — деді Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.

БАҚ өкілдері Қазақстан тарапынан бұған қарсы қандай шара қабылданатынын сұрады.

— Бұл мәселені біз мұқият зерттеп жатырмыз, ол үшін мемлекеттік органдармен кеңесу қажет. Кейінірек нақты ақпарат бере аламын. Сондай-ақ, Ресеймен арадағы визасыз режимнің сақталатынын атап өткім келеді. Бұл тек шекарадан өтуге қойылатын талаптар ғана, — деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін хабарланғандай, 30 маусымнан бастап Ресейге кіру үшін кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы электронды өтініш беру және бірегей QR-код алу қажет болады. Шекарадан өту кезінде саусақ іздерін тапсырып, суретке түсіп, биометриялық сәйкестендіруден өту де талап етіледі