СІМ жыл басынан бері елге жарты миллиард теңгеге жуық инвестиция тартқан

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанға инвестиция салып жатқан елдердің алғашқы үштігін атады.

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

«Жыл басынан сәуір айына дейін Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті 436,6 млрд теңгенің 29 инвестициялық келісімшартын жасасты. Аталмыш кезеңде elicense.kz порталы арқылы инвестициялық преференциялар беруге 86 өтінім келіп түсті. Шетелдік қатысу тұрғысынан Ресей, Нидерланд және Кипр мемлекеттері ұсынылған», - деді ол.

Ресми өкіл өңдеу өнеркәсібінде 12 келісімшарт, көлік және қойма саласында 6 келісімшарт, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 4 келісімшарт, білім беру және денсаулық саласында 2 келісімшарт жасалғанын атап өтті.

«Инвестициялық келісімшарттардың басым бөлігіне Астанада қол қойылған – 16 келісімшарт. Одан басқа Шымкент қаласы (3 келісімшарт), Алматы облысы (3 келісімшарт), Алматы қаласы мен Жамбыл облысы (2 келісімшарттан), басқа облыстарда бір-бір келісімшарт жасалған», - деді Айбек Смадияров.