Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елге әкелініп, мұсылман ғұрпымен жерленбек

Фото: None
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның белгілі қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елге әкелініп, мұсылман ғұрпымен жерленбек.

Бұл туралы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Алаштың ардақты азаматы С.Садуақасұлының өртенген сүйегінің күлі осыдан 77 жыл бұрын Мәс­кеудегі "Дон зираты" ("Донское кладбище") бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып, осы күнге дейін мұсылманша жерленбеген», - делінген ақпаратта.

Осы орайда және С.Сәдуақасовтың туғанына 110 жыл және дүниеден озғанына 77 толуына орай Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Мемлекеттік қайраткер Смағұл Сәдуақасов және қазақстандық патриоттық: ұлттық идея және жуапкершілік» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Шараны ұйымдастырушылар ЕҰУ, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы. Оған ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Мәмбет Қойгелдиев, Диқан Қамзабекұлы, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай, Әлихан Смайыл, Бекболат Тілеухан, Камал Бұрханов және тағы басқалар қатысып, өз ойларын ортаға салмақ.

С.Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлін, бі­ріншіден - мұсылман ғұрпымен жер­леу, екіншіден - Отанына жет­кізу мәселесі ең алғаш, 2010 жылдың соңында көтерілді. Бұл қа­зақ тарихында бұрын-соңды бол­маған оқиға. Яғни сүйек қайта жерленуі мүмкін, ал кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйектің күлін елге әкелу не­месе дәстүрлі діни рәсіммен жер­леу фак­тісі кездескен емес. Сондықтан да бұл аса маңызды оқиғаға ғалымдар «Аса жауапты, мемлекеттік маңызды шара» деген баға беріп отыр. Осы істің басында жүрген мамандар Смағұл Садуа­қа­с­ұлы сүйегінің күлін жерлейтін екі орынның бірін таңдауды лайықты көріп отыр. Оның бірі - Кене­са­ры сарбаздары мен 30-жылдардың аш­тық құрбандары жерленген «Жас­тар» шағынауданы жанындағы мұ­сылман қорымы. Екіншісі - біраз жұрт «Қабанбай батыр зираты» деп жүрген қаладан 20 шақырым жер­дегі бейіт-төбенің маңайы.

20 жасында - ұлт жастарының көш­басшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту ми­нист­рі болған С.Садуақасұлының атқарған қыз­меті мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйы­мы «Бірлік» (1916-1918) пен «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс коми­те­тінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлт­тары жастарының орталық бю­росында (1920), Қазақ автоно­мия­лық республикасының Жастар ода­ғында (1920), Қазақ ОАК төрал­қа­сында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан авто­но­миялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық рес­пуб­ликасы Жоспарлау комиссия­сында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика институтында (1927-1928) жауапты да жетекші қызмет атқарды. Жастай саясаттың өтінде жүріп, отаршылдармен күресті.