Smart Point: Түркістанда мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында мемлекеттік қызметтерді жаңа форматта алуға мүмкіндік беретін Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды. Жаңа буындағы цифрлық кеңістік азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуына жағдай жасап, цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мәлім етті.

Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

Мемлекеттік қызметтерді енді үйреншікті цифрлық сервистерді пайдаланғандай оңай әрі ыңғайлы алуға болады. Мұндай формат Түркістан облысының тұрғындарына да қолжетімді болды — мұнда жаңа буындағы Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды.

Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

Smart Point — азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуына және цифрлық дағдыларын дамытуына бағытталған цифрлық кеңістік.

Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

— Келушілерге ыңғайлы болу үшін орталық бірнеше функционалды аймаққа бөлінген: экспресс, цифрлық, сараптамалық, оқыту және демалыс аймақтары. Кеңістік жеке куәлік пен паспортты ресімдеуге арналған құжаттандыру терминалымен, AlemGPT сервисінің мүмкіндіктері көрсетілген ақпараттық экрандармен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған моноблоктармен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған, — делінген хабарламада.

Бұған дейін арнайы ХҚКО-да дайындалған құжаттарды енді үйге жеткізуге болатынын жаздық.