SMART.TV үшін арнайы «Soyle.kz» қосымшасы әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясы бірлесіп SMART.TV үшін арнайы әзірлеген «Soyle.kz» қосымшасының тұсаукесері өтті.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевтің сөзіне қарағанда, бұл қосымшаның әзірленуі қазақ тілінің әлемдік ақпараттық жұйеге енуіне ықпал етпек. Енді «Soyle.kz» қосымшасының көмегімен үйде теледидар алдында отырып-ақ SMART. TV арқылы қазақ тілін үйренуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Soyle.kz» порталы қазақ тілін онлайн-режімде тегін оқытуға арналған.

«Портал іске қосылғаннан бергі бір жылда дүниежүзінен 350 мыңнан астам пайдаланушы қызметті қолданған. Арнайы тіркеліп, тіл үйреніп жатқан адамдардың саны 23 мыңнан асты»,-деді А. Шәуеев.

Сонымен қатар ол бір жылда портал жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында сервер параметрлері мен бағдарламалық жүйесін жаңарту және кеңейту шаралары іске асырылғанын атап өтті.

Айта кетейiк, Soyle.kz Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samsung Electronics» компаниясының қолдауымен ашылған қазақ тілін онлайн режімінде тегін үйрететін тұңғыш интернет портал. Soyle.kz Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, дамыту және қолданыс аясын кеңейту бағытындағы талап-міндеттеріне сай әзірленген озық ІТ жоба.