Астана әкімдігінен мәлім еткендей , мұндай тәжірибе білім беру саласына да қолданылады деп жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі жаңалықпен қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова бөлісті.
«Жақында «SmartAstana» қосымшасында «дәрігер рейтингі» функциясын қостық. Оны жасау өте оңай: кабинеттердің есігіндегі QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Кезек күтіп тұрғанда немесе дәрігердің қабылдауынан шыққанда сіз телефоныңыздағы «SmartAstana» қосымшасын ашасыз, QR-кодты сканерлейсіз, осы кабинетте қабылдайтын дәрігерлер туралы ақпаратты көресіз, содан соң дәрігердің жұмысына баға беру немесе пікір қалдыру тетігін таңдайсыз», - деді әкімнің орынбасары.
Медициналық ұйымдардың рейтингі де осылайша қалыптасады.
Малика Бектұрованың айтуынша, барлық шағымдар жедел қарастырылады және тиісті шаралар қолданылатын болады. Сауалға берілген жауап «SmartAstana» қосымшасындағы жеке кабинетке түседі. Науқастардың тілектері мен ұсыныстары жинақталып, медициналық мекеменің жұмысында есепке алынады.
«Бұл өте жақсы, жеткілікті түрдегі объективті кері байланыс. Оның қолдан жасалған «лайк пен комментарийлер» емес, тіркелген қолданушылардың шынайы пікірлері екенін білеміз»,- деді ол.
Рейтинг нақты уақыт режимінде қалыптастырылады. Әкім орынбасарының сөзінше, ол әлі көпшілікке жарияланбаған, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына арналған және медициналық мекеме мен оның қызметкерлерінің жұмысын бағалау үшін қолданылады.
«Бірақ, жарты жылдың немесе бір жылдың қорытындысы бойынша ең үздік немесе кең танымал дәрігерлер туралы ақпарат халыққа жарияланады деп ойлаймын»,- деп қосты әкім орынбасары.