Президенттің айтуынша, ЖИ-ді коммерциялық мақсатта пайдалану, активтерді токендеу, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту жұмыстары енді ғана қолға алынып жатыр.
Сондықтан цифрландыру мүмкіндіктерін экономикада нақты қолдануға арналған бағдарлама әзірлеу қажет.
— Бүгінде миллиондаған азаматымыз маркетплейстерді пайдаланып, тамаққа тапсырыс береді, такси шақырады және басқа да көптеген қызметке жүгінеді. Оның ішінде банк қызметтері де бар. Бұл бағытта Қазақстан талай озық елден алға шықты. Алайда мұнымен тоқтап қалмай, алға жүру керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстанда өнімділігі жоғары цифрлық экономиканы дамытуға қажетті барлық алғышарт бар. Жастар білімді әрі шығармашыл, интернет қолжетімді, цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан.
Қазір кез келген азамат бірнеше минутта банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдей алады немесе үйден шықпай-ақ тауар сатып алады. Ендігі кезеңде цифрландырудың мақсаты қызметтерді қолжетімді етумен шектелмей, әр адамның мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы керек.
— Бізге парадигманы өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарау қажет. Басты мақсатымыз — халықтың игілігіне қызмет ететін цифрлық экономика құру. Қоғам интернетті тек ақпарат тұтынатын, көңіл көтеретін орта емес, жаңа дүниелер жасап, еңбек етуге мүмкіндік беретін кеңістік ретінде қабылдауы керек. Смартфон азаматтарымыз үшін уақыт өткізетін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс құралына айналуға тиіс. Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуды реттейтін жеңілдетілген құқықтық режим әзірлейді, — деді Президент.
Бұған дейін Президент шаруаларды инвестициялайтын пәрменді тәсіл енгізуді тапсырған еді.
Ол Балқаш АЭС құрылысын келер жылы бастауды ұсынды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынға алды.