Смартфон қуатын 30 секунд ішінде толтыруға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тель-Авивте өткен Microsoft Think Next Conference конференциясында смартфондарды 30 секунд ішінде қуаттайтын аккумулятор таныстырылды.

Аталмыш батареяларды Израильдің StoreDot компаниясы жасап шығарған. Ұсынылған бейнероликте смартфон 26 секунд ішінде қуат алғанын көруге болады.

Конференцияда хабарланғанындай, аккумулятор қазір тек сынақ ретінде қолданылуда. Алдағы 3 жылдың ішінде компания оның өндірісін жолға қоюды жоспарлауда. Осы уақыт аралығында жасақтаушылар батареяның көлемі мен дизайнын өзгертуді көздеп отыр. Себебі қазіргісі тым үлкен әрі ауыр. Сонымен қатар супер-аккумулятордың бағасын белгілеу мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізілмек.

Бүгіннің өзінде оның құны осы саладағы аккумуляторлардан әлдеқайда жоғары болатындығы белгілі болып отыр. Бағасына қолданылған қымбат материалдардың құны әсер етпек.