Әлеуметтік желіні шексіз парақтау, шот төлеу, сериал көру — смартфон бүгінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оның қолайлылығының да өз құны бар: үздіксіз хабарлама теру мен экранды сырғыту қол мен саусаққа айтарлықтай салмақ түсіреді.
«Смартфон саусағы» (texting thumb) — телефонды жиі пайдаланудан пайда болатын белгілердің жиынтық атауы. Оның негізгі белгілері — саусақтың қимылының шектелуі, буын маңындағы солқылдаған ауырсыну және бас бармақты бүккенде шықырлағандай сезімнің пайда болуы.
Егер бұл белгілерге мән берілмесе, уақыт өте келе қайталанатын жүктеме білектегі туннель синдромына, артритке немесе де Кервен теносиновитіне ұласуы мүмкін.
— Біздің қолымыз күні бойы телефон ұстауға бейімделмеген. Сондықтан смартфонды ұзақ пайдаланғыңыз келсе, қолыңыздың саулығына да мән беруіңіз керек, — дейді Cedars-Sinai ортопедия және спорттық медицина бөлімінің хирургы Юджин Цай.
Мамандардың айтуынша, қазіргі смартфондар бұрынғыдан ірі әрі ауыр, ал адамдар оларды пайдалану уақытын айтарлықтай арттырған.
Қолыңыздың қалпын жиі өзгертіңіз
Білек пен шынтақты ұзақ уақыт бір қалыпта ұстау бас бармақтың түбі мен білектің ауыруына әкелуі мүмкін. Ал телефонды ұзақ уақыт тік қалыпта ұстау басқа саусақтарға да қосымша күш түсіреді.
— Мобильді құрылғылар өмірімізден жоғалмайды. Сондықтан «телефонды мүлде пайдаланбаңыз» деудің орнына, оны қазіргі өмір салтына барынша қолайлы әрі денсаулыққа зияны аз болатындай қолдануды үйренуіміз керек, — дейді University of Kentucky HealthCare жанындағы қол орталығының маманы Морин О’Шонесси.
Мамандардың айтуынша, ең қарапайым шешім — экран алдында өткізетін уақытты қысқарту немесе телефон пайдаланғанда қысқа үзілістер жасау.
Егер бұл мүмкін болмаса, телефонды кезекпен екі қолмен ұстап көріңіз, кейде бас бармақтың орнына сұқ саусақты пайдаланыңыз немесе құрылғыны ұстау тәсілін өзгертіп отырыңыз.
Сондай-ақ смартфондағы қолжетімділік функцияларының да пайдасы бар. Дауыспен мәтін теру саусаққа түсетін жүктемені азайтса, қаріптің өлшемін үлкейту телефонды бетке тым жақын ұстамауға мүмкіндік береді.
Телефонға арналған сақина немесе дөңгелек ұстағыштар құрылғының салмағын қолға біркелкі таратып, бейне көруге арналған тіреуіш қызметін де атқара алады.
Қолға жаттығу жасаңыз
Күнделікті қарапайым жаттығулар қолдағы ауырсынуды азайтуға көмектеседі. Білекті өзіңізге қарай және кері қарай баяу бүгіп-жазыңыз, қажет болса екінші қолмен жеңіл ғана көмектесіңіз.
Бұдан бөлек:
- бас бармақпен шағын шеңберлер сызыңыз;
- әр саусақты кезекпен созып, жеңіл уқалаңыз.
Егер бас бармақтың түбі ауырса, алақаныңызды тегіс жерге қойып, бас бармақты басқа саусақтардан мүмкіндігінше алшақтатып, осы қалыпта шамамен 30 секунд ұстаңыз.
Егер экран алдында өткізетін уақытты қысқартқаннан кейін де ауырсыну, ұю немесе шаншу сезімі басылмаса, мұз басу мен ибупрофен сияқты дәрілер көмектеспесе, дәрігерге қаралған жөн.
Мамандардың айтуынша, смартфонды үздіксіз пайдалану бұрыннан бар артриттің асқынуына, де Кервен теносиновитінің дамуына немесе саусақ бүккен кезде қозғалысы бөгелетін «шертілетін саусақ» синдромының пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Дәрігерлердің пікірінше, телефон пайдаланғанда ара-тұра қысқа үзіліс жасап, қолдың қалпын өзгертіп отыру қарапайым көрінгенімен, уақыт өте келе оның пайдасы зор.
Айта кетейік, елімізде денсаулыққа қауіпті жағдайларды көрсететін карта іске қосылды.