Smart-картаны қаланың 11 сату нүктесінен - «Тамаша» , «Ардагер», «Байзар», «Дина», «Насиха», «Көктем», «Мұрагер», «Лимон» сауда орталықтарынан, т/ж вокзалынан, «Авангард», Вокзал маңы ықшамауданының соңғы аялдамасынан, сондай-ақ тасымалдаушылардың өзінен сатып алуға болады.
Ішінде ақшасы жоқ бір картаның құны - 300 теңге.
Smart-карта шотын тасымалдаушылар көмегімен, сату нүктелерінде, Qiwi-терминалдар және «SmartQala» мобильді қосымшасы арқылы толықтыруға болады.
Жалпы халыққа 9 төлем түрі қолжетімді - көліктегі смарт карта, банк картасы, NFC қолданбасы бар смартфон, QR коды, QR картасы, SMS хабарламалар, Bluetooth, мессенджер және жолсерікке қолма-қол төлей аласыз.
Айта кету керек, бұл жүйе қала тұрғындарына жолақыны әдеттегі жалақы немесе зейнетақы алатын банк картасымен төлеуге мүмкіндік береді, халыққа қолайлы жағдай жасайды, яғни жеке автобус картасын сатып алу және алып жүру қажеттілігі болмайды.
Сондай-ақ, әрбір автобустың кабинасында көрсетілген 9505 қысқа нөміріне нақты автобус нөмірін жазып, SMS жолдау арқылы ұялы нөмірдің теңгерімімен де төлеуге болады.
«Қазіргі уақытта «SmartQala» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Оның көмегімен төлемнің барлық түрлерін жасауға және карта теңгерімін бақылауға болады. Мобильді қосымшада төлем көзін таңдауға, байланыстырылған банк картасы теңгерімі, Smart теңгерімі немесе мобильді нөмірдің теңгерімі арқылы жол жүру үшін ақы төлеуге болады. Көп ұзамай бұл қосымша арқылы барлық коммуналдық төлемдерді, жол ақыларын және салықтарды төлеу мүмкіндігі пайда болад. Жыл соңына дейін қосымшада автобустардың келу уақытын бақылау функционалын іске қосамыз. Жолаушы қалаған аялдаманы таңдап, жақын маңдағы қоғамдық көліктің нақты келу уақытын көре алады (аялдаманың онлайн-таблосы)», - деді «Ѕмart -ТКШ» ЖШС өкілі Ерлан Нұрланұлы.
Бүгінде 54 автобус мобильді терминалдармен жабдықталған. 1 қарашаға дейін қаланың барлық 200 автобусын жабдықтау және оларға QR-код беру жоспарланып отыр.
«Атырау қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билет жүйесін енгізу оң нәтиже береді. Бұл қозғалыстың ашықтығын қамтамасыз етеді, азаматтардың әлеуметтік санаттары бойынша статистиканы жүргізуге, бюджетке салық түсімдерін арттыруға, қоғамдық көліктерді бақылауға мүмкіндік беретініне сенеміз»,-деп мәлімдеді Ерлан Нұрланұлы.
Атыраудағы жобаның артықшылығы - төлемдер онлайн-форматта қабылданады және төлемдердің барлық 9 түрі бір интеграцияланған жүйеде жұмыс жасайды.