Смайылов «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазынаның» активтерді басқару қызметін сынады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Бәйтерек» холдингі, «Самұрық-Қазына» қорының активтерді басқару қызметін сынға алды. 

— Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру қарқыны төмендеген. 2024 жылы небәрі 14 объект сатылды. Оң нәтиже ретінде былтыр республикалық бюджеттен квазимемлекеттік секторды қаржыландыру көлемі 29%-ға жуық қысқарды. Дегенмен холдингтердегі активтерді ұтымсыз басқару фактілеріне жол беру жалғасып келеді, — деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Одан әрі Жоғары аудиторлық палата төрағасы нақты мысал келтірді.

— Мәселен, «Бәйтерек» холдингінің компаниялары жеңілдікпен берілетін ресурсты түпкілікті алушыларға жеткізу мерзімін ұзаққа созады. Жобаларды іріктеу процесі жеткілікті деңгейде ашық емес. Мәлімделген KPI-ға жетпеген немесе қарсы міндеттеме мүлдем қарастырылмаған жобаларға қолдау көрсетілген. «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын тау-кен, металлургия және өнеркәсіп салаларындағы 13 жобаны тоқтатқан, — дейді ол.

Бұған дейін Жоғары палата төрағасы елімізде ірі салық төлеушілерге мониторинг жүйесіз жүргізілетінін айтқан еді