«Ақпарат министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық науқан жүргізуі қажет. Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін «мектеп сағатын» ойластырсын», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өңір әкімдіктері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелер желісін кеңейту шараларын қабылдауы тиістігін баса айтты.
«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шын мәнінде мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлесін. Әкімдіктермен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу керектігін ескертті.
«Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу аясында халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізсін», - деді Премьер-Министр.
Фото: primeminister.kz