ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективаларын талқылады.
Аида Балаева Қазақстан мен Смитсон институты арасындағы өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, институттың қазақ мәдениеті мен ұлттық мұраны Америка Құрама Штаттарында кеңінен танытуға бағытталған қызметінің маңызына тоқталды.
-Қыркүйек айындағы сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Смитсон институтының басшылығымен кездесіп, қазақ мәдениеті мен еліміздің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға қолдау білдірді, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Аида Балаева ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде қазақстандық суретшілер мен дәстүрлі қолөнер шеберлерінің көрмелерін ұйымдастыруды, тарих, музыка және бейнелеу өнері салаларында бірлескен зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ екі елдің ғылым мен білім саласындағы тәжірибе алмасуын атап көрсетті.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары екіжақты мәдени алмасуды кеңейтіп, Қазақстанда АҚШ мәдениеті күндерін өткізуді ұсынды. АҚШ тарапы Қазақстан жұртшылығына өз елінің мәдени әралуандығын таныстыруға дайын екенін білдірді.
Кездесуде Қазақстан музейлері делегациясының АҚШ-қа жоспарланған сапарына да ерекше мән берілді. Делегация құрамына еліміздің жетекші музейлерінің басшыларын енгізу көзделіп отыр. Сапар бағдарламасы Смитсон институтына қарасты Азия өнері ұлттық музейінің қызметімен танысуды, кәсіби тәжірибе алмасуды және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылауды қамтиды.
Сондай-ақ қазақстандық HasSak этно-фольклорлық тобының Тусон қаласында өтетін фестивальге қатысуы және АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай Вашингтонда концерт өткізуі қарастырылды.
Қазақстанның 2027 жылғы Smithsonian Folklife Festival-ге дайындығына да айрықша назар аударылды. Аталған фестивальде еліміздің салт-дәстүрі, музыкасы, қолөнері және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұрасы таныстырылады.
Кездесу қорытындысында тараптар бұл жүздесу Қазақстан мен Смитсон институты арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жекелеген бастамалар аясынан шығып, ұзақ мерзімді әрі жүйелі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Осыған дейін Қазақстан ШЫҰ елдері арасында мәдениет саласын цифрлық бағытта дамытуды ұсынған болатын.