Астана прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-тергеу шаралары барысында қылмыстық топтың әрекеті анықталған.
Тергеу мәліметінше, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстанда заңсыз қызмет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынға ақшалай сыйақы ұсынған. Кейін қылмыстық схемаға арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа адамдар да қосылған.
Топ ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған. Оның көмегімен операторлардың сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, абоненттерге жаппай хабарлама жіберілген.
— Алаяқтар SMS-терді белгілі компаниялардың атынан жолдап, азаматтарға түрлі бонусты айырбастау туралы ұсыныс жасаған. Хабарламадағы сілтемеге өткен адамдар жалған сайтқа бағытталған. Онда олардан жеке және банктік деректерін, соның ішінде төлем картасының нөмірін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізу талап етілген, — делінген хабарламада.
Осылайша, күдіктілер азаматтардың құпия деректері мен банк шоттарындағы қаражатына қол жеткізген.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі «SMS-бластер» құрылғысын тәркіледі. Сараптама оның жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал екенін анықтаған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалануға қатысты.
Қазіргі таңда төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін заңды тұлғалардан кибералаяқтықтың алдын алу талап етілетінін жазғанбыз.