Сноуден Мәскеу маңындағы босқындар орталығына жіберілуі мүмкін

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Ресейдің миграциялық қызметі АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуденнің уақытша саяси баспана сұраған өтініші қанағаттандырылса,

Мәскеу маңындағы босқындар орталығына орналастырылуы мүмкін екенін хабарлады, деп жазады «Азаттық».

Федералдық миграция қызметі Мәскеу филиалының басшысы Ольга Кириллованың айтуынша, Мәскеудің өзінде ыңғайлы босқындар лагері жоқ.

Еске сала кетсек, өткен айда Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын жұртшылыққа жария еткен болатын. Бағдарлама халықаралық деңгейде дау тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылықтарын білдірген еді.

Ол 23 маусымда Гонконгтен Мәскеуге ұшып келіп, содан бері Шереметьево әуежайында тұрып жатыр.