Сноуден Риденаурдың «Шындығы үшін» сыйлығына ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық қашқын Эдвард Сноуден «Шындығы үшін» аталымында Риденаур сыйлығының лауреаты атанды.

Бұдан бөлек, Сноуденнің құжаттарымен жұмыс істеген осы аталымда кинодокументалист Лора Пойтрас сыйлыққа ие болды. Бұл сыйлық 2004 жылы Вьетнам соғысының ардагері, журналист Рон Риденаурдың естелігіне орай тағайындалды. Ол Вьетнамда американдық солдаттардың бейбіт тұрғындарды өлтіруіне байланысты оқиғаны тексеріп, жарыққа шығарғаннан кейін танылған еді. Лауреаттар «Шындығы үшін», «Батылдығы үшін», «Жыл кітабы» және «Жылдың үздік деректі фильмі» аталымдары бойынша марапатталады. «Сноуденнің іс-қимылы мемлекеттік тыңшылықтың рөлі туралы бұдан бұрын болып көрмеген қоғамдық резонанс пен пікірталас тудырды. Алайда, осы қадамы үшін ол бүгінде үлкен құрбандыққа барды»,-делінген аталған сыйлықтың ресми сайтында. Бүгінде Эдвард Сноуденді АҚШ-тың федералдық билігі тыңшылық жасады деп айыптауда. Оған бір жыл уақытқа Ресейде уақытша баспана берілді.