СО2 шығарындыларының 70 пайызы мемлекеттік кәсіпорындардың еншісінде болып отыр

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - СО2 шығарындыларының 70 пайызы мемлекеттік кәсіпорындардың еншісінде.

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында биылғы жылдың басында іске қосылған парниктік газдар шығарындыларына квоталарды сатудың Ұлттық жүйесінің аралық нәтижелері жайында баяндаған ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

«Жүйенің өткен 5 айдағы қызметі барысында біз шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселеге тап болдық. Бұл - қолданыстағы заңнама ақаулары. Бірқатар Үкімет қаулылары мен министрлік бұйрықтары пысықтауды, түзетулер енгізуді, түсініктер беруді талап етеді»,- деді ол.

Ұлттық жоспарда белгіленген СО2 шығарындыларының 70 пайызы мемлекеттік, яғни «Самұрық-Қазына» кәсіпорындарының еншісінде екендігін атап өткен Н.Қаппаров: «Біз мемлекеттік жауапкершілік аясында корпоративтік тәжірибенің ең үздік стандарттарын көрсетіп, жеке секторға үлгі болуымыз керек. Осы жұмысты биыл бастап, 2014 жылы аяқтау қажет», - деді.

Оның пайымынша, айтылған мәселелерді теориялық негізде болжамдау өте күрделі. Cap&Trade ішкі жүйесін құрудың әлемде мінсіз үлгілері жоқ, әрқайсысында өз кемшіліктері бар. «ТМД кеңістігінде біз осындай жүйені бірінші болып ендіріп отырмыз, оны тек тәжірибелік қолдану барысында ғана жетілдіруіміз мүмкін», - деді ол.