SOCAR Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбырының операциялық басқаруын өз қолына алды

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR 1 шілдеден бастап Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) мұнай құбырының операторы міндетін ресми түрде өз мойнына алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

BP Azerbaijan компаниясының мәліметінше, мұнай құбырын операциялық басқару функциялары BP компаниясынан SOCAR-дың еншілес ұйымы — SOCAR Midstream Operations компаниясына берілді. Басқару Әзербайжан, Грузия және Түркия аумағы арқылы өтетін мұнай құбырының барлық үш учаскесін қамтиды.

Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Әзербайжан тарапы мұнай құбырындағы барлық операциялық процестерді, сондай-ақ БТЖ жүйесі мен Оңтүстік Кавказ құбырына бірдей қатысты бірлескен техникалық операцияларды басқаруды өзіне алады.

Сонымен қатар, жоба акционерлерінің құрамы өзгеріссіз қалады. Ал BP компаниясы Сангачал терминалын басқаруды жалғастырады.

SOCAR президенті Ровшан Наджаф Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры соңғы жиырма жыл бойы Әзербайжанның көреген энергетикалық стратегиясы мен тиімді халықаралық ынтымақтастығының символына айналғанын атап өтті.

— Соңғы 20 жыл ішінде БТЖ Әзербайжанның орнықты дамуына, өңірлік ықпалдастықтың нығаюына және жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің артуына елеулі үлес қосты, — деді компания басшысы.

Өз кезегінде BP компаниясының Әзербайжан, Грузия және Түркия бойынша өңірлік президенті Джо Кристофоли операторлық басқаруды беру жоба тарихындағы маңызды кезең екенін айтып, SOCAR стратегиялық инфрақұрылымды жоғары деңгейде басқаруды жалғастыратынына сенім білдірді.

Айта кетейік, пайдалануға берілген уақыттан бері Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы 4,7 миллиард баррельден астам мұнай, яғни шамамен 630 миллион тонна шикізат әлемдік нарықтарға 6,2 мыңнан астам танкермен жеткізілген.

Қазіргі таңда БТЖ арқылы Азери–Чираг–Гүнешлі кен орнынан өндірілетін мұнай, Шахдениз кен орнының конденсаты, сондай-ақ Каспий өңірінің басқа елдерінен, оның ішінде Қазақстан мен Түрікменстаннан жеткізілетін шикізат экспортталады.

Бұған дейін Әзербайжан Түрікменстанға «Достлуг» мұнай танкерін сыйға тартқан болатын. Сондай-ақ Әзербайжанда «Азнефть» өндірістік бірлестігінің суасты құбырынан мұнайдың ағу себебі анықталып, жойылғаны хабарланған еді.