Сочи маңында құлаған Ту-154 ұшағы апатының алдын ала себептері айтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи аумағында апатқа ұшыраған Ресей қорғаныс министрлігі ұшағының барлық жүйесі суға батпай жатып қалыпты жұмыс жасаған. Бұл туралы «Коммерсантъ» апаттың себебін тергеу комиссиясының алдын ала тұжырымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұрын, жарылыс техникасының сараптама қорытындысы бойынша, ұшақтың бортындағы лаңкестіктің болуы немесе жерден атып құлатуы секілді нұсқалар жоққа шығарылған еді. Осылайша, экипаждың қатесі деген нұсқа қалды, деп жазады басылым.

Лента.ру хабарлағандай, қазіргі таңда Ту-154 ұшу барысында ұшқыштардың әрекеті тексерілуде. Апаттың не себепті орын алғандығы әзірге белгісіз. Бастапқы деректердің сапасыздығы мамандардың борттағы төтенше жағдайдың барлық сұлбасын кезеңімен қалпына келтірулеріне мүмкіндік бермеуде.

Зерттеу барысында әскерилер азаматтық құрылымнан - Мемлекетаралық авиациялық комитеттен көмек сұрауға мәжбүр болды. Әуе қорғаныс күштерінің орталығында магнитті таспаға жазатын ескі үлгідегі құрылғымен жұмыс жасайтын құрал да, маман да болмай шықты. Осы себепті жұмысқа кідіріс келтірілген.