деп хабарлайды «Аламан».
Денис Тен биылғы жыл оңай болмағанын, мамыр айынан бастап, жаттығуын қайта бастайтынын айтты.
- Гран-при жарыстарында жүлде ала алмадым. Әрі менен биылғы әлем чемпионатында ешкім жүлде күтпеді. Бірақ бапкерім Фрэнк Кэролл екеуміз биылғы әлем біріншілігінде бар мүмкіндігімізді көрсету үшін жұмыс істедік. Нәтиже бар. Ал жалпы, халықтың арасында «Денис Тен Ресей азаматтығын алады екен» деген сөз тарапты. Бұл сөз - өтірік. Маған Ресей жағы ресми түрде азаматтық ұсынған да жоқ, - деді мәнерлеп сырғанаушы.
Тен америкалық журналист Моника Фридлэндердің хатына байланысты өз ойын білдірді.
- Күміс медаль - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Мен жылдар бойы әлемді, төрешілерді мойындату үшін жұмыс істедім. Ал бұл жағдайға (америкалық журналистің жазған хатына - ред) мен ештеңе айта алмаймын. Мен күміс жүлдеге лайық болдым. Бұл - үлкен жетістік. Алтын алсам, ол кездейсоқ жеңіс болар еді. Егер америкалық журналистің хатын ескеріп, маған алтын медаль беріп жатса, бас тартпаймын. Күміс медаль Сочиде өтетін олимпиадаға күш береді, үміт сыйлайды. Егер келер жылы олимпиадада қола медаль алсам, ол мен үшін ірі жетістік болады, - деді Денис Тен.
Денис Тен - Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарының жеңімпазы. Ол ел біріншілігі жүлдесін алғаш рет 15 жасында ұтып алған. Спортшы қазір АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында америкалық Фрэнк Кэролл (жаттықтырушы) мен Лори Никольдың (хореограф) қарамағында жаттығады.