Сочи–2014: Германия құрамасы 11 жылдан кейін Олимпиада чемпионы деп танылды

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — 2014 жылғы Сочи Олимпиадасынан кейін араға 11 жыл салып, Халықаралық Олимпиада комитеті биатлон жарысының нәтижесін қайта қарап, допинг ережесін бұзған ресейлік спортшыны алтын медалінен ресми түрде айырып, оны неміс спортшыларының құрамасына беру туралы шешім қабылдады, деп жазды DW.

Допингке байланысты ресейлік спортшының нәтижесі жойылды.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Сочиде өткен 2014 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін 11 жылдан астам уақыт өткен соң медальдарды қайта бөлуді ресми түрде бекітті. Осылайша, алтын медаль бұрынғы Ресей құрамасынан Германия құрамасына берілді. Жеңімпаз құрамда Эрик Лессер, Даниэль Бём, Арнд Пайффер және Симон Шемп болған.

Ресейлік биатлоншы Евгений Устюгов, 2014 жылғы Сочиде өткен эстафетада қатысып, алтын медаль иеленген еді. Алайда 2020 жылы ол допинг ережелерін бұзғаны үшін айыпталып, медальдан айырылды. Осы себеппен ол 2010 жылы Ванкуверде алған алтын және қола медальдерінен де айырылған.

2025 жылдың мамырында неміс биатлоншысы Эрик Лессер:

– Он бір жылдан кейін де әділетсіздік жасалса, өзгелердің тұғырға көтерілгені дұрыс. Жаңа түстегі жаңа медаль үшін қуана аламын, – деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың шілде айында Туризм және спорт министрінің «Допингке қарсы қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 18 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын.

Ал осыған дейінгі Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кейін сол атағынан айырылып қалған спортшыларымыз да жоқ емес. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері Қазақстанда жазғы олимпиаданың 20 алтын медалін жеңіп алған болатын. Өкінішке қарай, оның алтауын кейін спортшыларымыз кері қайтарып берді. Оған басты себеп – допинг дауы.