Оған Қазақстан Республикасының атынан 60 ауылшаруашылық кәсіпорны қатысады. Қызылорда облысы Ресей Федерациясымен ынтымақтастық стендін ұсынады. Бұл туралы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Қазақстан мен Ресей Президенттері қатысатын көрме экспонаттары ауыл шаруашылығының бірқатар бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, онда сүт өнімдері, ет және шұжық өнімдері, көкөніс өнімдері, кондитерлік өнімдер, алкогольді және алкогольсіз сусындар, май-тоңмай өнімдері, ұн және макарон өнімдері, бал және ара шаруашылығы өнімдері, бұғы мүйізінен дайындалған өнімдер, жемістер, балық өнімдері мен күркетауық еттері ұсынылмақ. Бұлардың басым бөлігі «ҚазАгро» ұлттық холдингісінің инвестициялық қызметі аясына жататындықтан, көрмеге Холдинг компаниялары қаржыландырған аграрлық кәсіпорындар кеңінен қатысады.
Көрме қонақтарын Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқынымен таныстыру үшін республикалық павильонның орталық тұсы еліміздің аграрлық саласының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері графикалық түрде бейнеленген ұлттық ақпарттық стендке беріледі. Сонымен қатар Холдингтің инвестициялық саясатын бейнелейтін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның ақпараттық стенді қойылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылдың 16 қыркүйек күні Сочи қаласында екі ел президенттері Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ресей-Қазақстан XII аймақаралық ынтымақтастық форумы өтеді. Аталмыш форум «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық және азық-түлік қауіпсіздігі» тақырыбына арналады. Форум барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас пен Еуразиялық экономикалық одақ және өзге де аймақтық бірлестіктер аясындағы интеграциялық ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылау жоспарланған.
Оның үстіне форум бағдарламасында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының мүмкіндіктері» мамандандырылған көрмесін, Ресей-Қазақстан шекаралық ынтымақтастық бойынша іскерлік кеңес отырысын және екіжақты жастар форумын өткізу қарастырылған.Сондай-ақ бірқатар бірлескен құжаттарға, оның ішінде Ресей және Қазақстан аймақтарының арасындағы ынтымақтастық бойынша келісімдерге қол қою жоспарланған.
Іс-шараға құзырлы министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері, Ресей Федерациясының субъектілері мен Қазақстан облыстарының басшылары, ірі бизнес өкілдері қатысады.