Содырлар жапон журналисін өлтіріп, оның видеосын Интернетте жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ «Ислам мемлекеті» содырларының жапон журналисі Кэндзи Готоны өлтіруін жиіркенішті террорлық әрекет деп атады, деп хабарлады ТАСС.

«Бұл зұлымдық мені қатты жиіркендіріп, ашуландырды. Біздің еліміз лаңкестікке қарсы күресті халықаралық қауымдастықпен бірге жалғастыра беретін болады», - деді Абэ журналистерге берген сұхбатында. ВВС агенттігінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» содырлары Жапония журналисі Кэндзи Готоны өлтірген сәтті видеоға түсіріп жариялаған. Жапония БАҚ-тарының жазуынша, қазіргі уақытта видео түсірілімнің Интернеттегі нұсқасының нақтылығы тексеріліп жатыр. 20 қаңтар күні «Ислам мемлекеті» содырлары екі жапон тұтқыны үшін Жапониядан 200 млн. доллар талап еткен. Сенбі күні Жапон үкіметі содырлармен келіссөз шешілмегенін хабарлаған болатын.